Қазақстанда алдағы жылдары ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар қатарында инженерлер мен педагогтер болады. Бұл туралы LS-ке ҚР-ның ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
GITEX AI Kazakhstan алаңында ұсынылған мәліметке сәйкес, жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек ресурстарын болжау жүйесі негізінде қалыптастырылады.
Орта мерзімді болжам бойынша, 2030 жылға дейін ел экономикасына 883,3 мың маман қажет болады. Оның 60%-ын немесе 529,9 мыңын инженерлік кадрлар құраса, 21% педагогикалық мамандар (185,5 мың адам). Қалған 19% өзге салалардағы мамандарға тиесілі.
Соңғы үш жылда мемлекеттік гранттардың басым бөлігі техникалық бағыттарға бөлінген. Атап айтқанда, гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық мамандықтарға, 21%-ы мұғалімдер даярлауға бағытталған. Ал қалған бөлігі қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, гуманитарлық ғылымдар, бизнес және өнер салаларына берілген.
2025 жылғы грант конкурсының нәтижесі талапкерлер арасында "Аударма ісі", "Халықаралық қатынастар және дипломатия", "Психология", "Құқық" және "Тарих" мамандықтарының танымал болғанын көрсетті.
Ал ең аз сұранысқа ие бағыттардың қатарында "Мал шаруашылығы", "Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару", "Тоқыма өндірісі", "Механика" және "Көлік құрылысы" бар.
Министрлік бұл жағдайды еңбек жағдайының күрделілігімен, кәсіби мобильділіктің төмендігімен, жастардың цифрлық салалар мен икемді жұмыс форматына қызығушылығының артуымен, сондай-ақ жалақы деңгейінің төмендігімен байланыстырады.
Мысалы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, "Көлік техникасы және технологиялары" мен "Көлік құрылысы" мамандықтары түлектерінің медианалық жалақысы 135-283 мың теңге аралығында. Ал такси агрегаторларында жұмыс істейтіндер 400-800 мың теңге, жеткізу қызметінің курьерлері 350-500 мың теңге табыс табады.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда болашақта қай мамандық иелері сұранысқа ие болатыны туралы болжам жариялаған еді.










