Қазақстан экономикасын рубльге тәуелділіктен арылту керек – сарапшы

Қазақстандық сарапшылар ел экономикасының америкалық валютаға тәуелділігін төмендету процесіне баға берді

22 августа 2017 года

Қазақстанның еркін айналым айырбас курсына өту туралы шешім қабылдағанына биыл екі жыл болды. Әрі сол кезде ел экономиканың долларға тәуелділігін төмендету жоспарланған болатын. LS сөйлескен сарапшылар бұл шешімге баға беріп, оның экономикаға қалай әсер еткені туралы айтып берді.

"Сентрас Секьюритиз" АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Қамаров:

"2015 жылы жаңа режимге көшу, ең алдымен, басқа елдермен сыртқы саудадағы балансты қалпына келтірді. Валютаны жаппай шығарып әкетіп, доллардың құны салыстырмалы тұрде жоғары елдерге барып сауда жасау біршама азайды.

Екіншіден, теңгенің қандай да бір нақты курсын ұстап тұру үшін алтын валюта резервтерін жұмсау азайып, олардың қоры 30 млрд доллар шамасына дейін қалыпқа келтірілді. Бұдан бөлек, валюта интервенциялары аз жүргізіліп, теңге курсының қысқа мерзімдегі құбылмалығын реттеу үшін ғана қолданылды. Үшіншіден, импортқа тәуелді қызмет пен тауар түрлері басымдыққа ие секторларда тұтынушылық белсенділік біршама бәсеңдеді. Мұны сыртқы туризм мен шетелдік техника, көлік саудасының азаюынан аңғаруға болады. Осы жағдайдың бәрін дедолларизацияның әсері ретінде қарастыра аламыз.

Елге сырттан алып келетін тауар мен қызмет түрлеріне тұтастай тәуелділіктен арылмай жатып елде толықтай дедолларизация жүргізе алмаймыз. Мәселен, қазақстандық өнімдерді дайындау барысының қайбір сатысында болмасын шетелдік қызмет я тауар қолданылады. Ол не жабдықтар, не шикізат болуы мүмкін. Сондай-ақ елде "жасанды" долларизация да бар. Кейбір кәсіпкерлер, мәселен, өздерінің тауарларын я қызметін шетелдік өнімдердің бағасымен теңестіріп қояды. Мысалы, жергілікті шипажайлардың бағасы шетелдік жоғары класты қонақүйлердің құнымен бірдей, кейбіреулері тіпті қымбат.

Оның үстіне, дүкен сөрелеріне қарасаңыз, біз долларға емес, көбіне рубльге байланғанымызды байқайсыз. Сондықтан ел экономикасын рубльге тәуелділіктен арттыру керек. Теңгенің ресейлік валюта курсына қарай құбылып отыраты да осыған дәлел. Сондықтан біз курс пен инфляцияға қатысты болжам жасағанда Ресейдегі көрсеткіштерге де еріксіз көз салып отырамыз. Рубль курсы мен ондағы инфляцияны ескеріп, теңгенің долларға қатысты курсы қысқа уақыт аралығында 320-340 теңге, ал жыл соңына қарай инфляция 7,5-8,5 пайыз болады деп болжаймыз.

Тәуелсіз сарапшы Александр Юрин:

"2015 жылдың 1-жартысында Қазақстан экономикасына нашарлай түскен сыртқы экономикалық жағдай әсер етті. Әсіресе, көмір, газ және мұнай секілді шикізат бағаларының төмендеуі жайсыз болды. Бұл жағдайдың ең бір қолайсыз әсері бюджетті толтыру мәселесіне келгенде көрінді. Сол жылдың наурызында республикалық бюджетті жоспарлағанда мақсатты көрсеткіштерді түсіру қарастырылды: жоспарлы түсімдердің көлемі 870 млрд теңгеге азайтылып, сырттан алынатын мемлекеттік қарыздың сомасы 254,9 млрд теңгеге өсірілді. Бірақ сонда да, 2015 жылдың 1-жартысының қорытындысы бойынша, бюджет түсімдерді жоспарланған шамаға жете алған жоқ. Еркін айналымға жіберу туралы шешімнің негізгі салдарының бірі теңгенің біршама құнсыздануы болды, бірақ бұл бюджетті толтыруға көмектесіп, Ұлттық қорға салынған салмақты біршама жеңілдетті. Осылайша, жаңа валюта режимі мемлекеттік бюджетті тұрақтандыруға көмектесті. Одан бөлек, төлем балансының теңсіздігін сәл болса да жойып, елден капиталдың шығарылуын бәсеңдетті. 

Дегенмен валюта саясатын өзгертудің тиімділігін бір жақты қарастыру мүмкін емес. Мысалы, еліміздің доллармен есептегендегі жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) айтарлықтай азайып қалды; шетелдік қызмет түрлері мен тауарлар, сондай-ақ шетелге шығу қымбаттаған соң, халықтың төлем қабілеті біршама азайды. Ел тұрғындарының ұлттық валютаға деген сенімі азайып, бұл олардың тұтынушылық және инвестициялық таңдауына әсер етеді.

Ұлттық банк жариялайтын статистикаға қарасақ, орталық банк теңгемен салынған депозиттердің санын біршама арттыра алғанын байқауға болады. 2016 жылғы қаңтардың 1-інде заңды және жеке тұлғалардың шетелдік валютадағы салымдары 71 және 83 пайыз болса, 2017 жылғы шілденің 1-індегі ақпаратқа сәйкес, бұл көрсеткіш 46 және 58 пайызға түскен. Алайда шетелдік валюта салымдары үлесінің артуына теңгеге берілетін сыйақының мөлшері басқаларымен салыстырғанда біраз жоғары болуы да себеп.

Бір жағынан біз қарастырып жатқан кез бен есеп берілетін аралықтағы теңгедегі депозиттердің айырмашылығы тым көп болуы күмән тудырады. Мысалы, осы жылдың 1 шілдесіндегі заңды тұлғалардың салымдары 1,9 трлн теңгеден сәл ғана асатын, ал маусымда тартылған депозиттердің көлемі 5,3 трлн теңгеге бір-ақ жеткен. Мұны заңды тұлғалардың теңгедегі салымдарының көбі ағымдағы шот ретінде қолданылатынымен түсіндіруге болады. Бұл депозит базасындағы валюта құрылымының тұрақтылығына күмән туғызады. Себебі, доллар курсы күрт көтеріліп кетсе, заңды тұлғалардың көбі шоттарындағы теңгенің бәрін әп-сәтте конвертациялай салады. Сондықтан өткен жылдан бері шетелдік валютадағы салымдардың азаюын дедолларизацияның жемісі емес, жай ғана жасанды жағдайлардың заңды салдары деп қарастыруға болады.

Дедолларизация туралы девальвациялық болжамдар туралы айтылмай, теңгенің курсы тұрақты болғанда; банктердің депозит базасының валюталық құрылымдары орнықтырылғанда; теңгемен қор жинау қолжетімді болып, шетелдік те, ұлттық та валютамен депозит салудың құны шамалас болғанда ғана айтуға болады. Қазақстан экономикасының шикізатқа арқа сүйеп, оған тәуелді болып отырғанда елде шын мәніндегі дедолларизация жүргізу мүмкін емес.

Курс еркін айналымға кеткеннен бері теңге рубльге біраз тәуелді болып алды, әрі соңғы уақытта ұлттық валютамыздың мұнай бағасы өссе де құнсызданып жатқанын байқадық. Бірақ орталық банк те, сарапшылар қауымдастығы да теңге курсы тек биржада қалыптасатынына қарамастан, KASE шеңберінде сұраныс пен ұсыныс балансының болуына көңіл аудармай келеді.

Мұндай кезде қысқа уақыт аралығында теңге курсының қалай өзгеретінін болжау қиын. Дегенмен Ұлттық банктің валюта саясатына әсер ететін факторларға мән беру керек. Соңғы уақытта жекеленген банктерге көмек беру деген желеумен ұлттық қордың қаржысын жарату көбейіп кетті. Өткен айда қордың қаржысы 4 млрд долларға азайып, антирекорд орнатылды. Бұл жағдайда мемлекетке теңгенің әлсіз болғаны керек. Себебі, сол арқылы ұлттық қордың жаратылған ақшасын түсетін салықтың есебінен өндіріп алуға болады. Әрі одан шығатын трансферттердің доллармен шаққандағы шамасын біршама азайтуға мүмкіндік бар. Бұл жағдайларды теңгенің алдағы курсын болжағанда сөзсіз ескеру керек".

"Финам" тобының сарапшысы Алексей Корнев:

"Теңге курсы еркін айналымға жіберілген соң әжептеуір өскені анық. Бұл мұндай шараны жүргізген кез келген елдің басынан өткен. Жаңа режимді жариялағанда теңгенің долларға қатысты курсы 197,8 теңге болса, санаулы миниттардан кейін 1 доллар 255,26 теңгеден сатыла бастады. Доллардың құны осылайша 29,2 пайызға қымбаттап кетті. Қазіргі уақытта доллар 332,69 теңгеден сатылып жатыр. Осылайша, екі жылдан астам уақыттан бері курс тек 68,2 пайызға ғана өсті.

Дедолларизация туралы айтсақ, бұл процесс тез біте қоятын құбылыс емес. Өзгерістің қалай әсер еткенін айтып, оң мен сол жақтарын таразылау үшін екі жыл – жеткіліксіз уақыт. Дегенмен америкалық валютаға тәуелділік сәл болса да азаюының өзі мемлекетке қашанда пайдалы. Егер ел халықаралық саудаға қатысып, әлемдік экономикалық процестерге араласатын болса, ол елдің доллардан түбегейлі құтылуы мүмкін емес. Бірақ ол бізге керек те емес – импорт пен экспортты төлеу үшін елде шетелдік валюта болуы тиіс.

Сондықтан үкімет пен орталық банк қаржы процестеріне қатысты шешімді өздері қабылдап, пайыздық мөлшерлеме секілді нарық құралдарын еркін пайдалануға мүмкіндік беретіндей деңгейге дейіндолларға тәуелділіктен арылту туралы ғана айту орынды. Қандай да бір күрт өзгеріс болмай, мұнай бағасы қазіргі деңгейде қала берсе, теңгенің долларға қатысты құны 337-343 шамасында болады". 

ВТБ Қазақстан банкінің басқарма төрағасының орынбасары Ирина Тұралиева:

"Курсты еркін айналымға жіберу дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Валюта бағамдарын нарық реттей бастаған соң, теңге курсы лайықты шамасына тұрақтап, бюджетке түсіретін қысымын азайтты. Бақылаушы банктің әрекеті, сондай-ақ дедолларизация процесі теңгенің нарықтағы өтімділігін арттырды.
Дедолларизация – бірнеше факторға тәуелді ұзақ процесс. Біздің сарапшылардың пайымдауынша, бұл процесс қаржы нарығында тұрақтылық сақталып, валюта курстары күрт өзгермесе, осылай жалғаса береді".

"Открытие Брокер" сарапшысы Тимур Нығматуллин:

"Экономиканың долларизациясы әдетте инфляцияға қысым күшейгенде я валюта нарығында құбылмалылық орнағанда болады. Мұнай бағасы түсіп, инфляцияны қысқа мерзім аралығында шектеу шарасы жүріп жатқандықтан Қазақстанда дедолларизация тұрақты түрде жүрген жоқ. Бұл үшін билік әлі осы курсты 3-4 жыл ұстап тұруы керек. Осы уақыт ішінде бизнес пен халық төменгі инфляция мен нарықтағы құбылмалылыққа үйреніп те кетеді. Тамызда доллар курсының 335-340 шамасында болуы мүмкін. Ал жыл соңына қарай теңгенің долларға қатысты курсы 10-15 пайызға нығаюы ықтимал".

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.