Қазақстанға қандай мамандар жетіспейді

вчера

Қостанай облысында 85 мың маман тапшылығы байқалса, Түркістан облысында керісінше, мамандардың айтарлықтай артықтығы бар. LS тілшісі Қазақстандағы жұмыс күші тапшылығы мен артықтығын жан-жақты зерттеді.

Еңбек тапшылығы бар өңірлер

Электрондық еңбек биржасының мәліметінше, 2024 жылы 10 өңірде маман тапшылығы байқалды. Ең күрделі жағдай Қостанай облысында тіркеліп, мұнда 85 мың кадр жетіспейді. Бұл өңірде ең көп сұранысқа ие мамандықтар:

  • Автокөлік жүргізушілері – 6,3 мың;
  • Медбикелер мен медбауырлар – 3,4 мың;
  • Бас құрылысшылар – 2,7 мың.

Сондай-ақ, мамандардың жетіспеушілігі мына облыстарында да байқалады: Қарағанды (29 мың), Павлодар (25 мың), Шығыс Қазақстан (22 мың), Солтүстік Қазақстан (18 мың), Ақмола (15 мың), Ұлытау (4 мың), Абай (3 мың).

Кадр тапшылығы мегаполистерде де сезіледі: Астанада – 3 мың, Алматыда – шамамен 100 адам.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл өңірлерде ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – медбикелер, санитарлар, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері, автокөлік жүргізушілері, күзетшілер, аула сыпырушылар және тазалаушылар бар.

Сонымен қатар, дене шынықтыру, шет тілдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, сатушылар, әлеуметтік қызметкерлер, қосалқы жұмысшылар, бастауыш сынып педагогтері, заңгерлер, вахтерлер сияқты мамандардың артықтығы байқалады.

Еңбек артықшылығы бар өңірлер

Түркістан облысында бос жұмыс орындарына қарағанда 92 мыңға артық түйіндеме бар. Сондай-ақ, келесі өңірлерде мамандардың көптігі байқалады: Қызылорда облысы (53 мың), Шымкент (48 мың), Маңғыстау облысы (36 мың), Алматы облысы (27 мың), Ақтөбе облысы (16 мың), Жамбыл облысы (16 мың), Жетісу облысы (13 мың), Атырау облысы (13 мың), Батыс Қазақстан облысы (3 мың).

Бұл өңірлерде жұмыс табу қиынға соғып отырған мамандықтар: аспаздар, бастауыш сынып мұғалімдері, медбикелер, есепшілер, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, автокөлік жүргізушілері, заңгерлер, вахтерлер, біліктілігі жоқ және қосалқы жұмысшылар.

Жұмыс күші тапшылығы мен артықтығын шешу жолдары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Соның ішінде, өңірлік жұмыспен қамту карталары әзірленіп, аясында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар құрылыс, көлік, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және ақпараттық технологиялар сияқты салаларды қамтиды. Сонымен қатар, мемлекет бизнес қауымдастықтармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. 2024 жылы 979,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында бірқатар білім беру бастамалары жүзеге асырылуда. Мысалы, қысқа мерзімді оқумен 67,5 мың адам қамтылды. Кәсіпкерліктің негіздері бойынша 60,3 мың адам оқытылды. 8,9 мың адамға грант берілді. Сондай-ақ, 358,7 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, 33,3 мың адам жастар тәжірибесінен өтті, 15,5 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, 110 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Сонымен қатар, келесі бағдарламалар жүзеге асырылуда:

  • "Күміс жас" – 19,2 мың адам қатысты;
  • "Алғашқы жұмыс орны" – 9,6 мың адам қамтылды;
  • "Ұрпақтар келісімшарты" – 420 адам қатысты.

Еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру бастамасы да жалғасуда. 2023 жылы оңтүстік өңірлерден солтүстікке 2,5 мың отбасы (8,9 мың адам) қоныс аударды. Олардың 4,3 мыңы – еңбекке жарамды азаматтар.

Сонымен қатар, елде Mansap Compasy платформасы іске қосылды. Ол кәсіп таңдау және мансаптық траекторияны басқару құралы ретінде әзірленген. Қазіргі уақытта 400-ден астам перспективалы мамандық талданды. Еңбек министрлігі бұл сайтты мектеп және университет түлектері үшін сұранысқа ие мамандықтар туралы негізгі ақпарат көзіне айналдыруды жоспарлап отыр.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.