2024 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларының мониторингі іске қосылады, деп хабарлайды LS.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын ұсынды.
Құжатта төрт негізгі бағыт қарастырылған. Олардың ішінде еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ, бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру көзделген.
"Тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу еңбек жағдайлары мониторингінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау жолымен толыққанды цифрландырылады. Қазірдің өзінде кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылды, ол 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті ол.
Еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту шеңберінде келесі шаралар іске асырылатын болады, деп толықтырды министр.
"Бірінші: жаңа жіктеуді және еңбек жағдайларын бағалауды нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету. Бұл өндірістік ортаның зиянды факторларының кешенді әсерін анықтауға мүмкіндік береді.
Екінші: кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізетін арнайы ұйымдарға зертханалар мен жабдықтарды аккредиттеу, кәсіптік тәуекелдерді бағалау жөніндегі сарапшыларды сертификаттау. Сондай-ақ, еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесімен міндетті интеграциялау және мобильді қосымша арқылы бағалау нәтижелерін ұсыну талаптарын қою", - деп түсіндірді Жақыпова.
Оның сөзінше, үшінші пункт, сапасыз бағалау нәтижелері анықталған жағдайда мамандандырылған ұйымдардың жауапкершілігін белгілейтін болады.
"Қауіпсіз еңбек шығындарын талдау олардың зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер (жеңілдіктер мен өтемақылар) берумен көбірек байланысты екенін көрсетті. Осы мақсатқа 2022 жылы жұмыс берушілер 227 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Соңғы үш жылда бұл шығындар 47%-ға өсті. Жұмысшылардың қолданыстағы кепілдіктері нақты еңбек жағдайларын ескермейді және жұмыс берушілерді оларды жақсартуға ынталандырмайды. Нәтижесінде қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың өтемдік моделі қалыптасты. Алайда жұмыс берушілердің жазатайым оқиғалардан сақтандыруға төмен қызығушылығы байқалады. Бүгінгі таңда қызметкерлердің тек 54%-ы ғана сақтандырылған", - деп жалғастырды Жақыпова.
Тұжырымдама әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемін анықтаудың жаңа тәртібін, оның ішінде кәсіби тәуекелдерді бағалау негізінде оларды тағайындаудың проактивті форматын белгілейтін болады, деп қосты ол.
"Сондай-ақ, еңбекті қорғауға арналған шығындарды экономикалық жоспарлауға және оның тиімділігін бағалауға, шығындарды бюджеттеу жөніндегі онлайн-қосымшаны енгізе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің алдын алу бағыты кеңейтілетін болады. Бұл оларға берілетін кепілдіктердің жүйелілігін ескере отырып, қызметкерлерді толық қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілерге еңбек жағдайларын жақсартуға қаражат салудың тиімділігін арттырады", - деп есептейді министр.
Аталмыш құжатта онлайн-платформа құра отырып, еңбекті қорғау бойынша оқыту мен білімді тексеру рәсімдерін саралау жоспарлануда, деп жалғастырды ол.
"Оқу орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіледі, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құрылады, оның функцияларының бірі білім деңгейін тексеруге мүмкіндік береді. Инновациялардың ішінде еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және техникалық инспекторларды, өндірістік кеңестердің басшылары мен мүшелерін міндетті түрде біліктілігін арттырумен қамту. Бұл ретте еңбекті қорғау саласында білім алуға төмен қызығушылық байқалады. Жыл сайын барлығы 1 мыңға жуық талапкер "Өндірістегі гигиена және еңбекті қорғау" бағытын таңдайды, бұл кейіннен кадрлар тапшылығына әсер етеді. Бұл мәселені шешу үшін еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер мамандығының имиджін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды іске асыру ұсынылады", - деп ұсынды министр.
Оның айтуынша, бүгінде еңбек жағдайларының жай-күйі туралы сенімді статистикалық ақпарат жоқ, кәсіпорындардың мемлекеттік және қоғамдық бақылаумен қамтылуы төмен.
"Бақылау субъектісін таңдау алдыңғы тексерулердің нәтижелері мен кәсіпорын қызметінің түрі бойынша қолмен жүзеге асырылады. Енді автоматтандырылған ақпараттық жүйе, цифрлық платформа және кәсіби тәуекелдерді бағалаудың мобильді қосымшасы жұмыс істейтін болады. Ол үшін еңбек жағдайларының жай-күйін барабар көрсететін көрсеткіштерді енгізіледі. Деректерді жинау жүйесін оңайлата отырып, еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистиканың нысандары өзектендірілетін болады.
Түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы алдын ала мемлекеттік бақылау тетігі енгізіледі", - деп түсіндірді ол.
Жазатайым оқиғаның орын алу фактісі бойынша кәсіпорындарда кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелеріне сараптама енгізілетін болады, деп атап өтті Жақыпова. Бұл мемлекеттік бақылау мен мониторингті жоғары тәуекел аймақтарына шоғырландыруға, алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға және жағымсыз салдарды болдырмауға мүмкіндік береді, деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілетінін еске салды.
"Бұл төлемдерге кемінде жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған қызметкерлер құқылы.
Төлемнің негізгі шарты зиянды еңбек жағдайларында жұмысты тоқтату болып табылады. Мұндай қызметкерлер үшін жаңа жерге орналастыру шаралары ұсынылады. Қызметкер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем алады", - деп түйіндеді ол.
Министр дәлелдерін тыңдағаннан кейін үкімет тұжырымдаманы мақұлдады.
Бұған дейін, Қазақстанда тағы бір төлем пайда болатыны хабарланған болатын.