Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері өсті, деп хабарлайды LS.
2026 жылдың қаңтар айында Қазақстан бойынша орталық жылытудың орташа тарифі 1 Гкал үшін 5,9 мың теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға артқан.
Алматыда жылу қызметінің құны 8,4 мың теңгені құрап, мегаполистер арасындағы ең жоғары деңгейде сақталды (-2,3%). Шымкентте тариф 6,8 мың теңгеге дейін өсті (+3,7%). Ал Астанада жылу бағасы әлдеқайда төмен- 3,7 мың теңге (+1,7%).
Ел бойынша ыстық судың орташа құны 1 текше метр үшін 466,07 теңгені құрап, бір жылда 0,9%-ға артқан. Алматыда тариф 612,59 теңге болғанымен, 1,7%-ға төмендеген. Дегенмен бұл көрсеткіш мегаполистер ішіндегі ең жоғарысы. Шымкентте баға 367,68 теңге деңгейінде. Ал Астанада ыстық су ең арзан – 246,01 теңге, жылдық өсім 2%-ды құраған.
Суық су тарифі республика бойынша 112,29 теңгеге дейін өсіп, 5,8%-ға қымбаттаған. Ірі қалалар арасында ең жоғары көрсеткіш Шымкентте – 111,04 теңге, алайда бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,6%-ға төмен. Астанада тариф 89,34 теңге болып, өзгеріссіз қалған. Алматыда суық су бағасы ең төмен деңгейде- 73,92 теңге, бұл бір жылда 28,9%-ға азайған.
Ел бойынша кәріз қызметінің орташа тарифі 1 текше метр үшін 110,18 теңгеге дейін өсіп, бір жылда 22,6%-ға артқан. Мегаполистер ішінде ең жоғары көрсеткіш Астанада тіркелді – 95,37 теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Шымкентте тариф 60,65 теңгені құрап, 0,7%-ға төмендеген. Алматыда кәріз қызметі ең қолжетімді – 46 теңге, өсім небәрі 0,3%.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару құны ел бойынша бір адамға шаққанда айына орта есеппен 541 теңге болды, бұл 8%-ға жоғары. Ірі қалалар арасында ең қымбат тариф Алматыда – 719 теңге, өзгеріссіз қалған. Астанада баға айтарлықтай өсіп, 637 теңгеге жеткен (+63,3%). Ал Шымкентте қоқыс шығару қызметі 378 теңгені құрап, 4,3%-ға арзандаған.
Таратушы желілер арқылы берілетін табиғи газдың орташа тарифі ел бойынша 1 текше метр үшін 37,88 теңгеге дейін өсіп, бір жылда 12,9%-ға қымбаттаған. Алматыда баға 43,99 теңгені (+12,5%) құраса, Шымкентте – 43,40 теңге (+9,5%). Астана бойынша ресми дерек жарияланбаған.
Ал 50 литрлік баллондағы сұйытылған газдың орташа құны республика бойынша 5,5 мың теңгеге жетіп, 24,8%-ға артқан. Ең жоғары баға Астанада тіркелді – 7,5 мың теңге (+24,7%). Алматыда баллон газы 6 мың теңге тұрады және жыл ішінде өзгеріс болмаған. Шымкент бойынша мәлімет берілмеген.
Электр плиталарын пайдаланатын тұрғындар үшін (тұтынудың бірінші деңгейі) электр энергиясының орташа тарифі республика бойынша 100 кВт/сағатқа 2,4 мың теңгені құрап, бір жылда 6,7%-ға артқан. Мегаполистер арасында ең жоғары баға Алматыда – 2,9 мың теңге (+1,9%). Шымкентте тариф 2,3 мың теңгеге дейін өсіп (+10,9%), ал Астанада 2 мың теңге деңгейінде (+6,1%).
Ал электр плиталары жоқ тұтынушылар үшін бірінші деңгейдегі орташа тариф ел бойынша 2,4 мың теңгеге жетіп, 4%-ға өскен. Алматыда бұл көрсеткіш тағы да ең жоғары – 2,9 мың теңге (+1,9%). Шымкентте – 2,2 мың теңге (+3,8%). Ал Астанада тұрғындар 100 кВт/сағат үшін 2 мың теңге төлейді, бұл бір жылда 6,2%-ға төмендеген.
Бұған дейін, LS редакциясы 2026 жылдың сәуір айының басында өткен жылдың қазанынан бері қолданыста болған коммуналдық қызмет тарифтерін уақытша тоқтату мерзімі аяқталатынын хабарлаған еді. Ұлттық экономика министрлігі басылымға алдағы уақытта баға саясатының қалай өзгеретіні жөнінде түсініктеме берген.









