Алатау, жасанды интеллект және инвестиция: Қазақстанның жаңа экономикалық басымдықтары

8 июля 2026 года

Қазақстан инвестициялық саясаттың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысында саяси тұрақтылықты, цифрлық трансформацияны, жасанды интеллектті дамыту мен жаңа экономикалық өсім нүктелерін елдің басты басымдықтары ретінде белгіледі. Экономист Расул Рысмамбетов бұл бастамалардың халықаралық инвесторлардың сеніміне қалай әсер ететінін, Қазақстанның өңірлік технологиялық хабқа айналу мүмкіндігін және Алатау қаласы жобасының экономикалық әлеуетін саралап берді.

- Президент Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы саяси тұрақтылықпен және жаңа Конституциямен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұл факторлар халықаралық инвесторлардың сеніміне қаншалықты ықпал етеді?

- Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысы халықаралық инвестициялық қауымдастыққа Қазақстан экономикасының қай бағытта дамитынын және қандай инвестициялық басымдықтарды қолдауға дайын екенін көрсеткен маңызды алаң болды. Инвесторлар үшін саяси тұрақтылық пен құқықтық жүйенің болжамдылығы шешуші факторлардың бірі саналады. Бүгінде олар тек нарық көлеміне немесе табиғи ресурстарға ғана емес, меншік құқығының қорғалуына, заңнаманың тұрақтылығына, сот жүйесінің тиімділігіне, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуына және мемлекеттің инвестициялық жобаларды толық сүйемелдеу қабілетіне де ерекше мән береді. Сондықтан жаңа Конституция негізінде қалыптасып жатқан институционалдық өзгерістер Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

- Мемлекет басшысы 2026 жылды Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жариялап, экономиканы цифрлық трансформациялауды басымдық ретінде белгіледі. Бұл шешім Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?

- Президент болашақ экономикалық өсімнің негізгі бағыттары ретінде жасанды интеллектті дамыту мен цифрлық инфрақұрылымды күшейтуді атады. Цифрлық кодекс, жасанды интеллект туралы заңнама, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасы, Smart Cargo жүйесі және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту инвесторларға қолайлы цифрлық экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, Астана халықаралық қаржы орталығын жасанды интеллект, цифрлық активтер және токенизация бағытындағы шешімдерді сынақтан өткізетін алаң ретінде дамыту Қазақстанның маңызды бәсекелестік артықшылықтарының біріне айналуы мүмкін. Дегенмен, елімізге өзіміздің ірі тілдік модельдерді дамытуға да ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені бұл салада инвесторлар үшін алғашқы нақты нәтижелер мен табысты жобалардың іске асу жылдамдығы маңызды.

- Президент Қазақстанды Орталық Азияның цифрлық және технологиялық хабына айналдыру мақсатын қойды. Суперкомпьютерлерді іске қосу, деректерді өңдеу орталықтарын құру және әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тарту ел экономикасына қандай мультипликативтік әсер бере алады?

- Цифрлық инфрақұрылымды дамыту жаңа инвестициялардың келуіне ғана емес, жоғары технологиялық өндірістердің, инновациялық қызметтердің және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына мүмкіндік береді. Деректерді өңдеу орталықтарының дамуы мен жасанды интеллект экожүйесінің қалыптасуы Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі орнын күшейте алады. Алайда халықаралық инвесторлар үшін әсерлі таныстырылымдардан гөрі нақты іске қосылған жобалар маңызды. Сондықтан цифрлық бастамалардың тиімділігі олардың практикалық нәтижелері арқылы бағаланатын болады.

- Отырыста көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен және жер қойнауын пайдалану салаларын цифрландыруға ерекше назар аударылды. Бұл реформалар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін қалай арттыра алады?

- Президент Орта дәліздің логистикалық әлеуетін күшейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар саласын дамытуға басымдық берді. Осы бағыттарды цифрландыру бизнес-процестердің ашықтығын арттырып, операциялық шығындарды азайтуға және инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстанның экспорттық әлеуеті күшейіп, халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығы арта түседі.

- Президент Алатау қаласын толық цифрландырылған халықаралық инвестициялық және технологиялық орталық ретінде дамыту жоспарын таныстырды. Бұл жоба Қазақстанның жаңа экономикалық өсім нүктесіне қалай айнала алады?

- Президент ерекше құқықтық режимі бар жаңа Алатау қаласын дамытуды елдің болашақ экономикалық өсім бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Бұл бастаманы жаңа инвестициялық архитектураның маңызды элементі ретінде қарастыруға болады. Егер жоба цифрлық инфрақұрылыммен, тиімді құқықтық режиммен және халықаралық инвесторларға қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілсе, Алатау жаңа технологиялық өндірістерді, экспортқа бағытталған жобаларды және жоғары білікті кадрларды тартатын маңызды экономикалық орталыққа айнала алады.

 

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.