Алматының сәулет және қала құрылысы басқармасы LS басылымына Қалқаман-3-тегі жерлердің мақсатын өзгерту және оларды мемлекет қажетіне сатып алу мүмкіндігі туралы түсінік берді.
Аталған аумақ тұрғындары жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерінің көпқабатты тұрғын үй салуға берілетін санатқа ауысуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.
Басқарма мәліметінше, мұндай өзгерістер ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және әрбір жер учаскесі бойынша шешім жеке тәртіпте қабылданады.
"Қолданыстағы талаптарға сәйкес, тұтас бір шағынаудан аумағындағы жер телімдерінің мәртебесін жаппай өзгерту, яғни жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлерді көпқабатты тұрғын үй құрылысына ауыстыру бір ғана рәсім аясында жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, elicense.kz және armegkn2.gov4c.kz ақпараттық жүйелерінің мәліметіне сәйкес, Қалқаман-3 шағын ауданында жердің нысаналы мақсатын жаппай өзгертуге қатысты ешқандай өтінім тіркелмеген", – деп хабарлады басқарма.
Сонымен қатар, басқарма өкілдері Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою тек заңда көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл жағдайда меншік иесіне нарықтық құнына сай өтемақы ұсынылуы тиіс. Ал шешім тараптардың өзара келісімімен немесе сот тәртібі арқылы қабылданады.
Басқарма мәліметінше, қаланың бас жоспарына енгізілетін түзетулерге байланысты қоғамдық тыңдаулар 2025 жылғы 24-26 желтоқсан аралығында өткен. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жиындарға қатысу барлық тұрғындар үшін ашық болған.
"Бас жоспарды әзірлеу барысында нақты сүрілетін нысандар мен мекенжайлар айқындалмайды. Мұндай мәліметтер аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы дайындалып, әкімдіктің тиісті қаулысы қабылданғаннан кейін ғана нақтыланады", – делінген ресми жауапта.
Қазіргі уақытта Алматының бас жоспарына өзгерістер енгізу жобасы әзірлену үстінде. Құжат бекітілгеннен кейін биыл аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс жобаларын әзірлеу жұмыстары басталады.
Бұған дейін, Алматы әкімдігі Қалқаман-2 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің ықтимал сүрілуіне байланысты жағдайға да түсініктеме берген еді.










