Келесі жылдан бастап тұрғын үй нарығында қосылған құн салығына (ҚҚС) берілетін жеңілдік жойылады. LS тілшісі бұл өзгерістің баспана бағасына қалай әсер ететінін анықтады.
Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Александр Пактың айтуынша, құрылыс компаниялары 2026 жылдан бастап енгізілетін ҚҚС-ты қазірдің өзінде шаршы метрдің бағасына қосып жатыр. Бұл қадам нарықтағы ұсыныс пен сұраныс арасындағы тепе-теңдікті біртіндеп реттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан пәтер мен жеке үй бағасының күрт өсуі күтілмейді.
"Мен ҚҚС қосылғаннан кейін баға қатты өседі деп ойламаймын. Нарық өзі бағаны реттейді, ал халықтың төлем қабілеті шектеулі. Кейбіреулер тұрғын үй 20%-ға қымбаттайды деп қорқуы мүмкін, бірақ ұсыныс азайғанда баға қайта орнына келеді", - дейді Пак.
Маманның пікірінше, баға өсімі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен инфляция деңгейіне байланысты болмақ. Дегенмен, жалпы үрдіс бойынша бағаның көтерілу қарқыны баяулайды деп күтіледі. Сарапшы ай сайынғы өсім шамамен 1,5-3% шегінде болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Пак орта тапқа арналған жеңілдетілген ипотеканы қайта енгізу туралы ұсынысқа да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл бастаманы қолдауға екі себеп жоқ.
Біріншіден, Астанада үш бөлмелі пәтердің орташа бағасы 60-120 млн теңге шамасында. Егер баға 10%-ға өссе де, 90 млн теңгелік пәтер сатып алуға дайын адам 110 млн теңге болғанда да шешімінен бас тартпайды.
Екіншіден, жеңілдетілген ипотека тұрғын үй нарығын тым қыздырып, бағаның шектен тыс өсуіне себеп болды. Ал керісінше, сауда азайғанда нарық біртіндеп тұрақталып, қалыпқа келеді.
"Льготалық ипотека бағаның тез өсуіне әкеледі, сондықтан оның пайдасы жойылады", - деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, қазіргі таңда құрылыс компаниялары ҚҚС төлеуден босатылған, алайда жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұл норма 2026 жылдан бастап күшін жояды.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өзгерісін хабарлаған болатын.
2026 жылы ҚҚС мөлшері 16% болады.