Фермерлер субсидия кешігуінен қарызға батып барады – сенатор

сегодня

Субсидиялардың уақытында төленбеуі фермерлердің қарызға белшеден батуына себеп болып отыр. Бұл туралы сенатор Бекболат Орынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды LS.

Сенатордың айтуынша, қазір үкімет Аграрлық несие корпорациясы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмін қайта қарап жатыр. Дегенмен реформаның жүру қарқыны мен жүзеге асыру тәртібі аграрлық сала өкілдерінің күткеніне сай келмей, ауыл шаруашылығының дамуына қауіп төндіруі мүмкін.

"Бірінші мәселе – мемлекет тарапынан фермерлерге төленбеген субсидия берешегі 341 млрд теңгеге жеткен. Оның 152,2 млрд теңгесі несие пайыздарын өтеуге арналған. Міндеттемелердің уақытында орындалмауы салдарынан шаруалар банктерге 20-22% коммерциялық мөлшерлемені өз қаражатынан төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай фермерлерді қарызға батырып жатыр", – деді Б. Орынбеков.

Сенатордың айтуынша, жеңілдетілген несие алу мүмкіндігінің теңсіздігі мәселені шешу жолында әлі де өзекті болып отыр.

"Банктердің ауылдағы активтерді бағалаудағы консервативті ұстанымы және кепілдік коэффициенттерінің төмен болуы шағын және орта шаруашылықтардың қаржыға қол жеткізуін қиындатады. Сонымен қатар, техникалық парктің тозуы мен "ҚазАгроҚаржы" лизингтік бағдарламаларының инфляция деңгейіне сай келмеуі ауыл шаруашылығы өнімділігін азайтып, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді", – деп толықтырды ол.

Осыған байланысты сенатор үкіметтен 2026 жылға арналған 341,3 млрд теңге субсидия қарызын төлеудің нақты ай сайынғы кестесін ұсынуды және төлемдердің кешіктірілуінен фермерлерге келген шығындарды өтеу жолдарын қарастыруды сұрады.

"Маусымдық ерекшелікті ескере отырып, инвестициялық субсидиялардың кемінде 50%-ын алдын ала төлеу механизмін енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Сонымен қатар, ауылдағы жылжымайтын мүлік пен жер пайдалану құқығын әділ бағалайтын арнайы мемлекеттік бағалау институтын құру немесе кепілдендіру қорын кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өнім өндірумен қатар оны терең өңдеуге бағытталған жобаларға 2-3% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді қаржылай қолдау бағдарламасын әзірлеу мәселесі де қаралуда", – деген сұрақтарды қойды Б. Орынбеков.

Бұған дейін хабарланғандай, фермерлерге субсидия бойынша берешек қаражат 2026 жылдың басында төленеді.

Еске салсақ, мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов субсидия қарыздарын үкімет резерві есебінен жабуды ұсынған болатын. Ал қаржы министрлігі кейбір фермерлердің бір малға бірнеше рет субсидия алғанын хабарлаған еді.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.