BCC Invest сарапшылары 2026 жылы $1 үшін теңге бағамының орташа жылдық деңгейі 530 теңге болатынын болжайды, деп хабарлайды LS.
Сарапшылардың болжамына қарағанда, 2026 жылы Қазақстан экономикасы 5,4% өседі, базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейінде болады. Доллар бағамы оптимистік сценарийде 547 теңге, пессимистік жағдайда- 570 теңге болуы мүмкін.
Базалық сценарий бойынша доллар бағамы біртіндеп өсіп, жылдың соңына қарай 553 теңге деңгейіне жетеді.
"Біздің есепте жылдың соңына қарай мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 52 долларға біртіндеп төмендейді деп болжанған. Теңгеге қысым сақталады, бірақ бағамның кенет құлауы жоспарланбаған", – делінген макроэкономикалық шолуда.
Сарапшылардың айтуынша, өткен жылы бағаның өсуі нарыққа елеулі әсер етті. 2026 жылы қатаң ақша-несие саясаты сақталады, ал жыл ортасынан бастап мөлшерлемелердің төмендеуі инфляцияны бақылау жағдайында жүзеге асады. Жыл соңында инфляция 11,2% деңгейінде болуы мүмкін.
"Қазақстандағы инфляцияның негізгі тәуекелі- валюта бағамы. Сарапшылар Ресей рублі АҚШ долларына қатысты әлсіреуі мүмкін деп болжайды. Ресейлік әртүрлі инвестициялық үйлердің бағалауынша, жылдың соңына қарай USD/RUB бағамы 85-100 рубльге жетіп, рубльдің 10- 28% әлсіреуін білдіруі мүмкін", – делінген шолуда.
Сарапшылардың болжамынша, рубльдің бағамы мұнай-газдан түсетін кірістің азаюы мен ақша-несие саясатының жұмсаруы әсерінен өзгереді.
"Валюталық қысым экспорттаушылардан түскен ақша азаюынан туындауы мүмкін. Сонымен бірге, санкциялар сақталады, бұл сыртқы есеп айырысуды қиындатады және рубльдің тәуекелін арттырады. Ресей Қазақстанға негізгі тауар жеткізуші болғандықтан, инфляция үдеуі мүмкін, ал ақша-кредит саясаты бағаға толық әсер ете алмауы ықтимал, себебі бұл ақшаға тікелей байланысты емес", – деп қорытындылады BCC Invest сарапшылары.
Бұған дейін, сарапшы рубльдің теңгеден неліктен артық екенін түсіндірген.










