Қазақстандықтар әлеуметтік әл-ауқаттың бірнеше деңгейіне бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде LS-ке егжей-тегжейі айтылды.
Министрліктің ақпараты бойынша, әзірленген жобаға сәйкес ақпараттық ресурс – отбасының цифрлық картасы – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде азаматтардың әлеуметтік мәртебесін автоматты режимде айқындайтын болады. Бөлу "Отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесінің" көмегімен жүзеге асырылатын болады. Еңбек министрлігінің мамандары аталмыш жүйені БҰҰДБ сарапшыларымен Алкир-Фостер* моделін пайдалана отырып жасады.
Алынған балдардың қорытындысы бойынша отбасылар әлеуметтік әл-ауқаттың бес санатына бөлінеді: гүлденген "А", қанағаттанарлық "В", қанағаттанарлықсыз "С", дағдарыстық "D", шұғыл "Е".
Еңбек министрлігінде мұндай әдісті енгізу арқылы цифрлық карта қазақстандықтарды олардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы хабардар ете алатынын түсіндірді. Азамат белгілі бір мемлекеттік көмек алуға әлеуетті үміткер екенін көрсете отырып, смс-хабарлама алатын болады. Осылайша, халық, өз мүмкіндіктерін біліп, пайдалана алады. Министрліктің ақпараты бойынша, қазақстандықтар берілетін мемлекеттік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау шаралары бойынша өз құқықтары туралы білмейтін фактілер бар.
Сондай-ақ, цифрлық карта мемлекеттік мекемелер үшін әлеуметтік саладағы орта және ұзақ мерзімді міндеттерді айқындау құралы ретінде пайдаланылмақ. Үкімет даму бағдарламаларын әзірлеу үшін өңірдің жағдайын талдайтын болады. Бұл әлеуметтік қызмет түрлерін кеңейтуге, сондай-ақ, жергілікті деңгейде әлеуметтік саясаттың тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бүгінде әдістеме жобасы министрлер кабинеті мен ҚР-ның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарауында.
Естеріңізге сала кетейік, отбасының цифрлық картасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өтініш берушіден мемлекеттік қолдау алудың хабарламалық сипатына көшу шеңберінде іске қосылды.
Еңбек министрлігінде осы ақпараттық ресурсты одан әрі қалыптастыру несиелік және әлеуметтік скорингтер, отбасының осалдық индексі, кірістерді есептеу және басқа да параметрлер сияқты құралдардың көмегімен тәуекелдер мен осал тұстарды анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Осылайша, көмек қиын жағдайда жүрген адамдардың өтінішінсіз проактивті форматта көрсетілетін болады.
Цифрлық карта деперсонализацияланған деректермен шифрланған түрде жұмыс істейді. Яғни, әр отбасына (адамға) хэштелген код беріледі және белгілі бір деректердің қай отбасына немесе адамға қатысты екенін анықтау мүмкін емес.
*Алкир және Фостер әдісі – Оксфорд университетінің Сабина Алкир мен Джеймс Фостер кедейлік және адам дамуы (OPHI) бойынша жасаған көп өлшемді кедейлікті өлшеу әдісі. Ол жерде білімнің немесе жұмыстың болмауы, денсаулықтың нашарлығы немесе өмір сүру деңгейі сияқты адамдардың бір уақытта бастан кешіретін әртүрлі айыру түрлерін саналады. Бұл айыру профильдері кедей адамдарды анықтау үшін талданып, көп өлшемді кедейлік индексін құру үшін қолданылады.