Қазақстанда жаңа темір жол мен автожолдар пайда болады

23 мая 2023 года

Қазақстанда транзит мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірнеше ірі жобалар іске асырылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде LS-ке егжей-тегжейі айтылды.

Министрлiктiң мәліметінше, 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы транзит көлемін 35 млн тоннаға дейін, оның ішінде 2 млн контейнерге дейін ұлғайту жоспарлануда. 2022 жылы бұл көрсеткіш 26,8 млн тоннаны құрады (+12,6% өткен жылмен салыстырғанда).

Бүгінде Қазақстанда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

Оның ішінде өткен жылдан бастап Достық – Мойынты учаскесінде (833 км) екінші теміржол жолдары салынуда.

Ұлттық жобаға сәйкес 2022-2025 жылдардағы жеке инвестициялар көлемі 938,1 млрд теңгені құрайды. 2023 жылы 304,1 млрд теңге жоспарланған.

Осының арқасында учаскенің өткізу қабілеті бес есеге өседі, ал Қытай мен Еуропа арасындағы тасымалдау жылдамдығы күніне 1,5 мың км-ге дейін (қазір күніне 800 км) ұлғаяды деп күтілуде.

Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан шекарасында үшінші теміржол өткізу пунктін ашып, Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісін салу жоспарлануда.

ИИДМ ақпаратынша, Достық және Алтынкөл шекара маңындағы теміржол станциялары жүктен босатылады. Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу қабілеті 20 млн тоннаға артады.

Бұдан басқа, Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама түзетіледі. Оның құрылысы 2022-2023 жылдары 93,6 млрд теңгені құрауы тиіс еді. Осы желі пайда болғаннан кейін Алматы торабы 40%-ға босайды. Жеткізу жылдамдығы 24 сағатқа дейін көтеріледі.

Тағы бір ірі жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасында Дарбаза – Мақтарал теміржол желісін салу болып табылады, ол Қытайды Орталық Азиямен және Парсы шығанағы елдерімен байланыстырмақ. Инвестиция көлемі 2022-2024 жылдары 161,8 млрд теңгені құрайды.

"Жобаны іске асыру бірінші кезекте Сарыағаш станциясынан жүктi босатуға мүмкіндік береді, Мақтаарал ауданын магистральдық теміржол желісімен байланыстырады", – деп нақтылады ИИДМ-де.

Министрліктің мәліметінше, автожол саласы белсенді дамып келеді. Қазір жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың жалпы ұзындығы 95 мың км құрайды, оның ішінде 25 мың км – республикалық желі, 70 мың км – жергілікті желі.

Республикалық желіде Орталық Азия елдерінен Ресей мен Қытайға өтуді қамтамасыз ететін Батыс Еуропа- Батыс Қытай (2 787 км) халықаралық транзиттік дәлізі қайта жаңартылуда.

Петропавлға дейінгі солтүстік бағыттағы негізгі жұмыстар аяқталды, Орталық – Шығыс дәлізі бойынша Павлодар және Семей қалалары арқылы Қалбатауға дейінгі жұмыстар аяқталды, қазіргі уақытта Қытайға шығуды қамтамасыз ететін Майқапшағайға дейінгі жолды қайта жаңарту жүргізілуде.

Оңтүстік бағытта Қарағандыға дейінгі жол қайта жаңартылды, келесі жылдың соңына дейін Қапшағайға дейінгі жұмыстар аяқталады. Осының арқасында Орталық – Оңтүстік дәлізі қайта жаңартылады.

Сондай-ақ, Талдықорған-Өскемен (768 км) жолында жұмыстар жүргізілуде. Бұл Орталық Азия елдерін Шығыс Сібірмен және Қазақстанның оңтүстік өңірлерін Шығыспен байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз.

Еліміздің батысында Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағытын қайта жаңарту жүргізілуде, одан кейін Ресейдің оңтүстік өңіріне (Астрахань арқылы) шығу қамтамасыз етіледі.

"Жалпы алғанда, 2030 жылға қарай біз 8 мың шақырым жол салып, қайта құруды жоспарлап отырмыз", – деп түсіндірді ИИДМ-де.

2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда көліктің барлық түрімен транзит өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға, 10,59 млн тоннаға дейін өсті. Оның ішінде темір жол – 9,59 млн тонна (+42%), авто – 1 млн тонна (+19%).

Бұл ретте, Қытай/Азия – Еуропа – Қытай/Азия бағытында контейнерлерді тасымалдау көлемі 301,6 мың ЖФЭ * құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 45%-ға артық (207,4 мың ЖФЭ).

Сонымен қатар, Сианьда (Қытай) қазақстандық логистикалық орталық ашу жоспарлануда.  Қытайға сапары барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев аспан асты елінің кәсіпкерлеріне бірқатар бастамалар ұсынды. Оның ішінде "Қорғас" халықаралық сауда орталығының базасында бірлескен азық-түлік хабының құру бар.

*Жиырма футтық эквивалент (ЖФЭ) – жүк көлік құралдарының сыйымдылығын өлшеудің шартты бірлігі. Контейнерлік кемелер мен контейнерлік терминалдардың  сыйымдылығын сипаттауда жиі қолданылады.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.