Қазақстанда зейнетақы жасын төмендетіп, жалақыны индекстеу ұсынылды

26 января 2022 года

Қазақстанда жалақыны инфляцияға сәйкес индекстеу, мүгедектер үшін зейнетақы жасын төмендету және еңбек құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын енгізу ұсынылды, деп хабарлайды LS.

Мәжілісмен Ерлан Смайыловтың айтуынша, Қазақстанға еңбек қатынастары саласына өзгерістер енгізіп реттеу қажет.

"Жыл сайын жалақы мөлшерін инфляцияның нақты деңгейіне сәйкес индекстеуді ұсынамыз. Мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдардың, сондай-ақ, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету. Жаңа саяси институт – еңбек құқықтары жөніндегі уәкілді құру, ол осы мәселелерді техникалық емес, қағидаттық тұрғыдан шеше отырып, еңбек әділдігіне ден қоюға тиіс. Тұтастай алғанда, еңбек саласындағы жаңа ұлттық саясатты әзірлеу қажет. Осы мақсатта мемлекеттік комиссия құруды ұсынамыз, оның құрамына мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен саяси партиялардың өкілдері кіреді", - деді ол.

Сонымен қатар, депутат жеке заң әзірлеу арқылы әлеуметтік әріптестік институтын жаңғыртуды, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияны реформалауды, оған саяси шешімдер қабылдау жүйесінде жоғары мәртебе беруді ұсынды.

"Халықаралық еңбек ұйымының "дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы" конвенциясын ратификациялау қажет. Ең төменгі жалақы деңгейін анықтау кезінде қызметкерлердің ғана емес, олардың отбасыларының да қажеттіліктерін қарап, сондай-ақ елдегі жалақының жалпы деңгейін, өмір сүру құнын, әлеуметтік жәрдемақыларды және басқа әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейін ескеру қажет", - деп жалғастырды Смайылов.

Бұл ретте, үкіметке ұлттық экономика министрлігі мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қызметінің тиімділігінің көрсеткіші ретінде ел халқының табысының жыл сайынғы нақты өсімін және оның өмір сүру сапасын арттыруды әзірлеу және енгізу ұсынылады.

"Қазақстанда жұмыс берушінің, әсіресе трансұлттық компаниялардың мүдделеріне қатысты басымдықтардың институционалдық жүйелік теңгерімсіздігі қалыптасты. Әсіресе бұл қайшылық шағын бизнес кәсіпорындарында көрінеді. Егер дамыған және әлеуметтік бағдарланған елдер осы текетіресті, оның ішінде адами капиталды дамыту басымдығы есебінен еңсеру жолдарын іздеп, тауып жатса, онда бізде әзірге екі тараптың мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған айқын мемлекеттік саясат жоқ және жағдай күрделене түсуде", - деп есептейді ол.

Оның айтуынша, бұл еңбек қызметіндегі тәуекелдер мен жауапкершіліктің ауыртпалығы еңбекшілердің өздеріне және олардың отбасы мүшелеріне жүктеледі. Смайылов сонымен қатар, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлейтін мемлекет моноқалалардың инфрақұрылымын, жұмыспен қамту бағдарламаларын қаржыландырады деп санайды. Бұл уақытта жұмыс берушілер, ең алдымен трансұлттық компания (ТҰК), өздерінің маржасы мен кірісін барынша арттырады.

"Бұл жағдайда қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауға жауапты бейінді мемлекеттік органдар әлсіз позицияны, енжарлықты көрсетеді. Бұл бұрмаланулар экономикалық көрсеткіштерде де көрініс тапты. 2021 жылғы III тоқсандағы деректер бойынша Қазақстанның жалпы iшкi өнімiндегi (ЖІӨ) еңбекке ақы төлеу үлесі 31%-ды құрады. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 30-31% деңгейінде тұрақты сақталып отыр. 1990 жылы ол 46,3% болды. Жалпы, шикізаттық бағыттағы елдерге қарағанда Қазақстанда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен", - деді ол.

Мәселен, 2020 жылы ЖІӨ-де еңбекақы төлеу үлесі: Ресейде – 46,2%, Канадада – 52,5%, Австралияда – 48,5%, Норвегияда – 51,1% құрады. Чехияда – 46%, АҚШ-та – 55,4%.

"Теңсіздіктің себептерінің бірі-салалар ішіндегі және салааралық теңгерімсіздіктердегі үлкен айырмашылық. Өндірушілердің жалақысы ұлттық компаниялар мен холдингтердің "тиімді" менеджерлеріне қарағанда он есе төмен болуы мүмкін. Отандық және шетелдік жұмысшылар мен бірдей жұмыс істейтін мамандар арасындағы жалақы айырмашылығы мәселесі өзекті. Механикалық шаралардың өзі ұзақ әрі тұрақты нәтиже бере алмайтыны көрінеді. Жалақыны инфляция импорты мен әлемдік және жергілікті экономикалардағы бағаның өсуі жағдайында көтеру қысқа мерзімге ғана тиімді", - деп есептейді мәжілісмен.

Тұтастай алғанда, ол мемлекеттік саясаттың басымдығы еңбек етуші қазақстандықтар мен олардың отбасыларының мүдделерін нақты қорғау болуға тиіс екеніне сенімді. Ал еңбек қатынастары саласындағы жаңа ұлттық саясатты қабылдау қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттің дамуына, халықтың табысы мен сатып алу қабілетінің өсуі салдарынан шағын және орта бизнеспен экономиканың өсуіне ықпал ететін болады.

Бұған дейін хабарланғандай, 2022 жылдан бастап Қазақстанда табысы 2021 жылы өспеген мамандардың жалақысын көтеру басталады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңгені құрайды, бұл ағымдағы көрсеткіштен 41%-ға жоғары. Бұл ретте, Қазақстанда орташа айлық жалақы 2021 жылғы III тоқсанда 243,7 мың теңгені құрады. LS редакциясы кімнiң көп, ал кімнiң аз ақша табатынын таразылап көрген еді.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Комментарии отключены!
Вы можете оставить комментарий и увидеть мнения наших читателей на странице в facebook.
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.