Елімізде құрылыс саласына берілетін салықтық жеңілдіктер жойылған жағдайда, Қазақстанда тұрғын үй бағасының өсу қаупі туындайды. Бұл туралы LS редакциясына жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов хабарлады.
Бүгінде құрылыс компаниялары қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Алайда жаңа Салық кодексінің жобасында 2026 жылдың қаңтарынан бастап бұл жеңілдіктерді алып тастау қарастырылып отыр.
Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Е. Мүсіреповтың айтуынша, егер аталған салық енгізілсе, тұрғын үй бағасы соған сәйкес пропорционалды түрде өсетін болады.
"Бұл қаржылық ауыртпалық құрылыс компанияларына емес, тікелей тұрғын үй сатып алушылардың иығына түседі. Себебі құрылысшылар инвестицияларын негізінен пәтер сату арқылы қайтарады. Яғни, салық салмағы түптеп келгенде пәтер құнына қосылады", - деп түсіндірді ол LS-ке берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Е. Мүсірепов мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің: "Саланы қолдау шараларына қарамастан, соңғы 21 жылда тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті" деген сынына жауап берді.
Сарапшының айтуынша, 2000 жылдан бергі теңге мен доллар арасындағы айырбас бағамын ескерсек, Алматы қаласында комфорт санатындағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен $1 мың-ын құрайды. Бұл – Ұлттық банктің қазіргі бағамы бойынша шамамен 518,57 мың теңге. Демек, ұлттық валютамен есептегенде, 2000 жылдан 2025 жылға дейін тұрғын үй бағасы едәуір өскені байқалады.
"Тұрғын үй бағасының теңгемен өсуін болдырмау үшін құрылыс материалдарын импорттау үлесін төмендету қажет. Қазіргі таңда импорттың үлесі жоғары. Ел ішінде темір құрылымдарынан бастап, әрлеу жұмыстарына қажетті қосқыштар мен шамдарға дейінгі өнімдер өндірісін дамыту маңызды. Өйткені инфляция мен девальвациялық үдерістер саланың нақты құнын төмендетеді, - деді Е. Мүсірепов.
Сарапшының пікірінше, егер құрылыс материалдарының кемінде 90%-ы Қазақстанда өндірілсе, бұл тұрғын үй бағасының күрт өсуіне кедергі келтірер еді. Бұдан бөлек, бұл қадам елде жаңа тұрғын үйлер салу процесіне мультипликативті әсерін тигізеді.
Е. Мүсірепов Түркияны мысал ретінде келтірді- онда тіпті толық әрленген үйлердің өзі дерлік 100% жергілікті өнімдерден тұрғызылады. Оның айтуынша, мұндай жағдайда шаршы метрдің өзіндік құнына оң әсер етуі мүмкін.
"Импорттық үлес басым болған жағдайда, теңгемен есептелетін шаршы метрдің өзіндік құны үнемі өзгеріп отырады", - деді ол.
Сарапшы тұрғын үй бағасын мемлекеттік реттеуге қатысты жоспарларға күмән келтірді, себебі құрылыс материалдарының бағасын бақылау мүмкін емес екенін атап өтті.
"Нарық – бұл нарық. Онда құрылыс материалдарының бағасы мен басқа да факторлар әсер ете отырып, бағалар белгілі бір заңдылыққа сай қалыптасады", - деді Е. Мүсірепов.
Спикердің айтуынша, мемлекет тұрғын үй бағасын толық реттей алмайды, себебі бұл процеске көп факторлар әсер етеді, оның ішінде тұрғын үйдің санаты да маңызды.
"Үкімет тек IV санаттағы (эконом-класс) тұрғын үйлерді реттей алады. Бұл – мемлекеттік тапсырыс бойынша салынатын, кезекте тұрған азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға арналған баспаналар. Мұнда белгілі бір шектеулер енгізуге болады", - деп түйіндеді сарапшы.
Бұған дейін, LS редакциясы елімізде екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының күрт қымбаттағаны туралы хабарлаған болатын.