Қазақстанда 100 мыңнан астам салық төлеушіге айыппұлдар мен өсімпұлдардан босатылу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті LS редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, салықтық рақымшылыққа ілігуі мүмкін тұлғалардың алдын ала тізімі жасақталған. Айта кетейік, бұл шара тек айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты, ал негізгі салық берешегі толық өтелуі тиіс.
"Шамамен 101 мың салық төлеуші бұл мүмкіндікті пайдаланып, мемлекет алдындағы негізгі берешегін өтей алады. Соның нәтижесінде оларға есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады", – деп түсіндірді комитетте.
Рақымшылық аясында микро және шағын бизнес субъектілері үшін келесі берешек түрлері есептен шығарылады:
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жеке шотта тіркелген өсімпұлдар, сондай-ақ сол күнге дейінгі берешекке 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап толық өтелген күнге дейін есептелген өсімпұлдар;
- салық заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс (ӘҚБтК) аясында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салынған айыппұлдар (тиісті салық немесе төлем бойынша берешек өтелген жағдайда);
- төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылып, 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтелген өсімпұлдар мен айыппұлдар;
- 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі айналымдар бойынша ҚҚС бойынша тіркелмей жұмыс істегені үшін салынған айыппұлдар (егер олар салық төлеушінің жеке шотында көрсетілген болса).
Комитеттің түсіндіруінше, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару үшін микро және шағын бизнес өкілдері 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан негізгі қарызды толық өтеуі тиіс.
Сонымен қатар, ҚР Салық кодексіне сәйкес компанияларға салық төлеуді кейінге қалдыру (6 айға дейін) немесе бөліп төлеу (3 жылға дейін) мүмкіндігі берілген. Алайда мұндай жеңілдіктер барлық жағдайда өсімпұлдардан босатпайды және көбіне кепіл мүлік немесе банк кепілдігін талап етеді. Сондықтан іс жүзінде бұл тетікті қолдану әрдайым мүмкін бола бермейді.
Комитетте атап өткендей, салық міндеттемелерін орындау қағидаты өзгеріссіз қалады: бизнес салықтарды толық әрі уақытында төлеуге тиіс. Яғни, негізгі салық берешегін есептен шығару заңнамада көзделмеген.
Қазақстанда бұған дейін де салықтық рақымшылық бірнеше рет өткізілген (1997-1999 жылдары, сондай-ақ, 2011, 2015 және 2019 жылдары). Әдетте мұндай шаралар жоғары табысты салаларды қоспағанда, барлық салық төлеушілерге қатысты қолданылған.
Еске салсақ, 2026 жылғы 5 наурызда билік отандық кәсіпкерлердің шамамен 100 млрд теңге көлеміндегі қарыздарын қайта қарау бойынша ауқымды шара дайындап жатқаны белгілі болған еді. Сейілжан Ахметовтің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қарашасында микро және шағын бизнес субъектілерінің 67 мыңында 273 млрд теңге берешек болған. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ҚҚС бойынша тіркелмеу фактілері бойынша іс тоқтатылған.










