Қазақстанда шілде айында жылдық және айлық инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдеді, деп хабарлайды LS.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы шілдеде тұтыну бағаларының айлық индексі 0,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш маусым айында 0,8% болған.
Бір ай ішінде ең көп арзандаған өнімдер маусымдық көкөніс пен жеміс-жидек болды. Атап айтқанда, қияр бағасы 22,6%-ға, қызанақ 17,7%-ға, сәбіз 5,3%-ға, банан 4%-ға, алма 2,7%-ға, апельсин 2,3%-ға, ал лимон мен картоптың бағасы 1,6%-ға төмендеді.
Бұдан бөлек, жұмыртқа бағасы 1,4%-ға, ал арпа жармасы 1,3%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында қолданыста болған жеңіл автокөліктер 3,8%-ға, электр еттартқыштар 2,2%-ға, шаруашылық сабын 1,5%-ға арзандады.
Сондай-ақ, смартфондар мен көзілдіріктердің бағасы 1,3%-ға, шашқа арналған бояу 0,7%-ға төмендеді.
Жылдық инфляция да сәл баяулап, шілде айында 10,2%-ды құрады. Ал маусымда бұл көрсеткіш 10,3% болған.
Бір жыл ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,7%-ға, азық-түлік тауарлары 10,1%-ға, ал ақылы қызметтер 9,2%-ға өсті.
Сонымен қатар жылдық есепте қияр 31,6%-ға, қызанақ 26,5%-ға, пияз 10,9%-ға, сарымсақ 8,1%-ға, апельсин 7,8%-ға арзандады. Алма бағасы 4,7%-ға, ал күріш 4,1%-ға төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында отандық өндірістегі жаңа автокөліктердің бағасы 16,2%-ға төмендеді. Сондай-ақ, кондиционерлер 10,8%-ға, медициналық термометрлер 7,5%-ға, медициналық бинттер 6,4%-ға арзандады.
Бұған дейін, LS редакциясы AERC сарапшыларының Қазақстан экономикасының өсу болжамын жақсартқанын, алайда 2026 жылы инфляция деңгейі жоғары болады деп күтіп отырғанын хабарлаған еді.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарынан бастап тұтыну бағаларының индексін есептеу кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 28,4%-ды, ал ақылы қызметтердің үлесі 30,5%-ды құрайды.










