Қазақстанда электр энергиясының тарифтері өседі. Бұл туралы LS-ке Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
Оның сөзінше, баға өсімі елеулі емес, орта есеппен 4-5% шамасында күтіледі.
"Энергия өндіруші ұйымдардың 37 млрд теңге көлемінде қарызы бар (LS мәліметі). Негізінен бұл- газ станцияларының отын үшін берешегі. Қарыздың қалыптасуына өткен жылдың екінші жартысындағы газ бағасының қымбаттауы әсер етті. Алдағы кезеңде бұл шығындар тарифтер есебінен жабылады", - деп түсіндірді вице-министр.
Оның сөзінше, негізгі шығындар жөндеу жұмыстары мен персоналдың жалақысына тиесілі, бұл тарифтің өзгеруіне ықпал етеді. Қазір өтінімдер қаралып жатыр. Шенеунік тариф өсімі елеулі болмайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, электр энергиясымен қатар басқа да коммуналдық қызметтердің тарифі өсуі мүмкін. Вице-министр мысал ретінде жылу және су қамтамасыз ететін Маңғыстау атом энергетикалық кәсіпорнын келтірді.
Бағаның нақты қашан өсетіні жөнінде ол профильді ведомствоға жүгінуді ұсынды. Оның айтуынша, өтінімдер мен қоғамдық тыңдауларды ескере отырып, бұл мәселе бірнеше ай ішінде шешіледі. Тариф бірден емес, кезең-кезеңімен өседі.
Сонымен қатар, Қазақстанның Ресейден электр энергиясын импорттау тәуелділігіне қатысты сұрақ қойылды.
Есімхановтың айтуынша, 2025 жылы өндіріс көлемі 123,1 млрд кВт·сағ, ал тұтыну 124,6 млрд кВт·сағ болды. Тапшылық 1,5 млрд кВт·сағ деңгейінде қалыптасып, бұл 2024 жылмен салыстырғанда (2,1 млрд кВт·сағ) азайған.
"4 мамырдағы есеп бойынша, айырмашылық 1-1,2 млрд кВт·сағ болады. Егер барлық жобалар уақытында іске қосылса, 2027 жылы импортқа тәуелділік болмайды",- деді ол.
Оның мәліметінше, келесі айда Қызылорда қаласында қуаты 240 МВт бу-газ қондырғысын пайдалануға беру жоспарланған, қазіргі таңда ол сынақ режимінде.
Бұған дейін, LS редакциясы қазақстандықтардың электр энергиясын тұтынуды қысқарта бастағанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, импорт-экспорт құрылымына арналған инфографикада экспорттың негізгі көлемі Ресейге тиесілі екені көрсетілген.









