Қазақстанда макарон өндірісі артып жатқанымен, шетелден келетін өнім көлемі де айтарлықтай өсуде, деп хабарлайды LS.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында елде 23,7 мың тонна макарон өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға көп.
Сол аралықта сыртқы нарықтарға 7,1 мың тонна өнім жөнелтіліп, 7,6 млн доллар табыс түсті. Ең көп өнім Ресейге экспортталды – 4,2 мың тонна (-3,3%). Тәжікстанға жөнелту көлемі 1,5 есеге артып, 1,2 мың тоннаны құрады. Қырғызстанға – 740,4 тонна (+2%), Түрікменстанға – 339,6 тонна (+6%) жөнелтілді.
Ал Өзбекстанға экспорт 1,7 есеге азайып, 239,6 тоннаға, Қытайға – үш есеге кеміп, 18,7 тоннаға дейін төмендеді. Бұдан бөлек, аз көлемде макарон Грузия, Әзербайжан, Моңғолия, Молдова және Германияға сатылды.
Сонымен қатар, елге макарон импорты да айтарлықтай өскен. Аталған екі айда импорт көлемі 22,2%-ға артып, 7,5 мың тоннаны құрады. Бұл үшін Қазақстан $12,5 млн жұмсаған.
Ең көп өнім Ресейден жеткізілді – 5,7 мың тонна (+12,2%). Бұдан бөлек, Польша (44,9 тонна), Оңтүстік Корея (417,6 тонна), Қытай (917,1 тонна) және Италиядан (152,2 тонна) келетін жеткізілім көлемі 1,5-3 есеге артты.
Сонымен бірге, Малайзия (13 тонна) мен Вьетнамнан (40 тонна) импорт басталған. Былтыр бұл елдерден өнім мүлде әкелінбеген еді.
Сарапшылардың айтуынша, макарон бағасы да шарықтап келеді. 2025 жылғы наурызда вермишельдің бағасы 636 теңгеге дейін өсіп, 3,9%-ға қымбаттаған. Рожки – 604 теңге (+3,9%), лапша – 1 400 теңге (+3,2%).