Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) қазақстандық банктердің трансшекаралық операцияларын бақылауды жалғастырып жатыр. Бұл туралы LS тілшісіне агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова хабарлады.
Талдау биылғы жылдың қаңтар айының соңынан бастап жүргізіліп келеді.
"Жеке банктерде тексеру аяқталды. Бұзушылықтар анықталып, оларға қатысты қадағалау шаралары заңда белгіленген тәртіппен қолданылды. Ал басқа банктерде тексеру әлі де жалғасып жатыр",– деді М. Әбілқасымова сұраққа жауап бере отырып.
Сонымен қатар, ол тексеру нәтижелері, банктердің атаулары және анықталған бұзушылықтардың құпия екендігін атап өтті.
"Біздің заңнамаға сәйкес, қадағалау талаптарына сәйкес тексеру нәтижелері жарияланбайды. Яғни, бекітілген қадағалау жоспары аясында ғана біз өз қызметімізді жүзеге асырамыз және деректерді жария етуге құқымыз жоқ" – деп түйіндеді агенттік басшысы.
Елдің банктік секторы 23 екінші деңгейлі банктен тұрады, олардың 15-і шетелдік қатысумен жұмыс істейді, оның ішінде 10 банкі – еншілес ұйымдар.
Агенттіктің ресми мәліметтері бойынша, 2026 жылғы қаңтарда екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) банктік заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін екі жазбаша нұсқау берілді. Сондай-ақ, банктердің қызметіндегі анықталған тәуекелдер мен кемшіліктерге байланысты бір ұсыныс түріндегі қадағалау шарасы қолданылды.
Сонымен қатар, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай жойғыш қаруды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" және "Банктер және банк қызмет туралы" заңдарының талаптарын бұзғаны үшін 21 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы рәсімделіп, жалпы сомасы 19,5 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төленді.
Бұған дейін, Қазақстанда банктердің несие беруі үшін қолданылатын қаражатқа арналған минималды резервтік талаптарды төмендету ұсынылған еді.










