Аулалар ақылы болмайды – қала әкімдігінің жауабы

сегодня

Алматыда аулаішілік автотұрақтарды ақылы ету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы LS-ке қала әкімдігінен мәлімдеді.

Әкімдіктің мәліметінше, аулаішілік және тұрғын үйлерге тиесілі аумақтарда ақылы автотұрақ ұйымдастыру жоспарда жоқ. Ақылы автотұрақтар тек көше-жол желісінің бөлінген аумақтарында және автокөлікке арналған жер телімдерінде ғана орналастырылады.

"Аулаларда, тұрғын үйлердің айналасындағы аумақтарда, кондоминиум жерлерінде және тұрғын үйлерге іргелес учаскелерде ақылы автотұрақ орналастыруға тыйым салынады", – деп нақтылады әкімдікте.

Ақылы автотұрақ орындары ғимараттарға іргелес бес метрлік аумақтан тыс жерде қарастырылады, ал тұрғын үй иелерінің құқықтары бұзылмауы тиіс.

Әкімдік дерегінше, 2023 жылдан бері қалада тротуар типіндегі автотұрақ орындарының саны 12 мыңнан асып отыр. Ал 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алаңдық үлгідегі 6 мыңнан астам автотұрақ пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда қалада жаңа ақылы автотұрақ аймақтары енгізілген жоқ. Оларды іске қосу үшін тиісті аудандар тұрғындарымен қоғамдық тыңдаулар өткізу қажет. Бұл кездесулерді биылғы жылдың I тоқсанында ұйымдастыру жоспарланған.

Айта кетейік, Алматыда автотұрақтың бір сағаты 2016 жылдан бері 100 теңге болып белгіленген.

Қалада коммуналдық ақылы автотұрақтарды пайдалану қағидаларының жобасы әзірленуде. Құжат әлі қаралу сатысында және бекітілмеген. Жоба аясында тариф қалыптастырудың әртүрлі модельдері қарастырылып, оның ішінде тұрғындар үшін жеңілдіктер мен тегін шарттар да қарастырылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, соңғы шешім барлық заңды рәсімдер мен бекіту кезеңдерінен кейін қабылданады.

Әкімдіктің дерегінше, ақылы автотұрақтарға бөлінген мемлекеттік инвестициялар 605 млн теңгеден көп емес. Бұл қаражат төлем қабылдауға арналған бағдарламалар, басқару жүйесі, жол белгілері мен ақпараттық тақтайшаларды сатып алуға кеткен.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша, аталған бюджеттік шығындар бюджет кірістерінен толықтай өтелді", – деп түйіндеді әкімдікте.

Бұған дейін, LS редакциясы Астана қаласында ақылы автотұрақтардың жұмыс тәртібі өзгертіліп жатқанын хабарлаған болатын.

Следите за нашим Telegram - каналом, чтобы не пропустить самое актуальное
Подпишись прямо сейчас
Подписка на самые интересные новости из мира бизнеса
Подписаться
© Все права защищены - LS — ИНФОРМАЦИОННОЕ АГЕНТСТВО    Условия использования материалов
Наше издание предоставляет возможность всем участникам рынка высказать свое мнение по процессам, происходящим, как в экономике, так и на финансовом рынке.