Атырау облысында жалпы инвестиция көлемі 103 млрд теңгеге тең жобалар іске қосылды. Бұл жөнінде LS-ке облыс әкімдігінде мәлім етті.
Өткен жылдың қорытындысында өңірде 20 нысан іске қосылып, 1,3 мың адам жұмысқа орналасты. Жобалардың құны 103 млрд теңгені құрайды.
Атап айтқанда, FFS-қаптар, композициялық материалдар және тығыздағыш қамыт өндірісі жолға қойылды.
Бұдан бөлек, полипропилен геотекстиль өндіретін кәсіпорын іске қосылып, сұйытылған газды сақтауға арналған қойма пайдалануға берілді.
2025 жылы жылдық қуаты 48 мың тоннаны құрайтын құрама жем зауыты жұмысын бастады.
Аймақта екі көкөніс сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұған қоса жылыжай, ет бағытындағы құс фабрикасы және тауық етін өңдейтін кәсіпорын іске қосылды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобалардың дені қазақстандық инвесторлардың қаржысына жүзеге асқан.
"Кәсіпорындарда пайдаланылатын шикізат пен қажетті материалдар жергілікті, республикалық әрі шетелдік компаниялардан сатып алынады", – деп қорытындылады әкімдікте.
Айта кету керек, 2024 жылы жалпы құны 25,2 млрд теңге болатын бес жоба мерзімінде іске қосылмай, келесі жылға шегерілді.
Олардың ішінде 9,9 млрд теңгелік құс фабрикасы мен 4 млрд теңгелік дәнекерлеу цехы бар.
Бұған қоса, су тасқыны әсерінен 8 млрд теңгеге бағаланған жылыжай кешені мен 1,04 млрд теңгелік балық шаруашылығы жобасының ашылуы кейінге қалдырылды.
Құны 800 млн теңге болатын тауық етінен жартылай фабрикаттар өндіру жобасы да уақытында іске қосылмады. Әкімдік мұны жабдықтардың кеш жеткізілуі, монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарының кешеуілдеуімен түсіндірді. Осындай себептерге байланысты 1,5 млрд теңгелік сорғы жабдықтарын жөндеу, құрастыру және сервистік қызмет көрсету цехының жобасы да кешіктірілген.










