Келесі жылдан бастап Қазақстанда мүлік салығын есептеу тәртібі өзгереді. Мемлекеттік кірістер комитеті LS редакциясының сауалына жауап беріп, жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа Салық кодексіне сәйкес, салықты есептеу мүліктің жалпы құнына байланысты жүргізіледі.
Бірінші нұсқа: егер мүліктің жалпы құны 2026 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 450 млн теңгеден аспаса, салық пәтер, үй немесе өзге де жылжымайтын мүлік нысандарының әрқайсысына жеке-жеке есептеледі.
Екінші нұсқа: егер мүліктің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, салық барлық жылжымайтын мүлік нысандарының жиынтық құны негізінде есептеледі.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, тұрғын үйлерге, саяжайлар мен шаруашылық құрылыстарға, көпқабатты үйлердегі қоймаларға, жертөле қабаттағы нысандарға және тұрғын үйге тиесілі гараждарға салықты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы есептейді.
"Егер мүліктің жиынтық құны 450 млн теңгеден асса, салыққа жоғары мөлшерлеме қолданылады (2 946 600 теңге және асқан соманың 2%-ы)",- делінген ресми жауапта.
Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар, сән-салтанат салығы 1 коэффициентімен белгіленеді. Ал жергілікті мәслихаттар тұрғын үй бойынша бұл коэффициентті 50%-ға дейін арттыруға құқылы.
Бұл шешімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданып, келесі жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.










