Қазақстанның Ұлыбританиямен саудасы айтарлықтай жанданды, деп хабарлайды LS.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге өсіп, $873,3 млн-ға жетті.
Бұған негізінен экспорттың күрт артуы әсер етті. Осы кезеңде Ұлыбританияға 586,2 мың тонна қазақстандық өнім жөнелтіліп, оның көлемі 71,5 есе, ал ақшалай құны 8,1 есе өсіп, $766,5 млн-ға жеткен.
Ұлыбританияға экспорт құрылымында күміс, мыс пен мұнайдың үлесі айтарлықтай артқан. Төрт айда күміс жеткізілімі екі есеге өсіп, 117,9 тоннаға, мыс экспорты 5,1 есеге ұлғайып, 15,9 мың тоннаға жетті. Бұған қоса, биыл алғаш рет 562,4 мың тонна мұнай жөнелтілді.
Өнеркәсіптік тауарлар бойынша да оң динамика байқалады. Қол құралдарының экспорты 15,8 есеге, әуе кемелеріне арналған бөлшектер 13 есеге, ал дауыс зорайтқыштар мен дыбыс күшейткіштері 10,5 есеге артқан.
Биыл экспортқа жаңа тауарлар да қосылды. Атап айтқанда, Ұлыбританияға 3 мың тонна бидай, 2,9 мың тонна зығыр тұқымы және 41 әуе компрессоры жөнелтілді.
Ал импорт көлемі, керісінше, қысқарды. Қаңтар-сәуір айларында Ұлыбританиядан Қазақстанға 6,8 мың тонна өнім жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға аз. Ақшалай көлемі де 11,9%-ға төмендеп, $106,8 млн-ды құрады.
Ұлыбританиядан жеткізілетін бірқатар тауарлардың көлемі қысқарды. Фармацевтикалық өнімдер импорты 30 тоннаға дейін немесе 1,8 есеге азайса, құрылыс техникасы (бульдозерлер, грейдерлер және экскаваторлар) 4,2 есеге төмендеп, 31 дананы құрады. Бұдан бөлек, косметика, парфюмерия және шаш күтіміне арналған өнімдер импорты 29%-ға, презервативтер 19,4%-ға, зергерлік бұйымдар 3%-ға азайды.
Дегенмен кейбір тауарлар бойынша импорт өсім көрсетті. Атап айтқанда, виски, джин және ром жеткізілімі 1,5 есеге артып, 1,4 мың тоннаны құрады.
Сонымен бірге елге жеті асыл тұқымды таза қанды жылқы әкелінді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,6%-ға жоғары.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында $107 млн-лық офтейк-келісімшарт жасалғанын жазған болатын. Келісім Қарағанды облысының Саран қаласында қайталама шикізаттан рений металын өндіретін ірі инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді.










